«Ұлттық өнердің ұлағатын ұлықтаған ұстаз» 

мәдени-танымдық кеш

 

Орталық аудандық кітапхананың оқу залында қызмет көрсету бөлімінің басшысы Қайрат Балабаевтың ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті опера әншісі, КСРО халық әртісі Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлттық өнердің ұлағатын ұлықтаған ұстаз» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.

Шараға аудандық «Юбилейный» мәдениет үйінің «Әжелер ансамблінің» мүшелері қатысып, қазақ опера өнерінің дара тұлғасының өмірі мен шығармашылығына терең бойлады. Бағдарлама үш бөлімнен тұрды: «Өнерге бастар жол» бөлімінде бейнеролик көрсетілсе, «Сахна саңлағы» бөлімінде сахнада сомдаған жарқын образдары таныстырылды. Ал «Естеліктер» бөлімінде әріптестері мен өнер қайраткерлерінің Ермек Серкебаев туралы жүрекжарды пікірлері ұсынылды.

Іс-шара «Елінің еркесі – өнердің серкесі» атты кітап көрмесіне шолумен қорытындыланды. Көрмеде өнер тарланының өмір жолы, қазақ опера өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды. Оқырмандар ерекше қызығушылық танытқан бөлімдердің бірі – Ермек Серкебаевтың отбасы шежіресі болды. Онда өнер иесінің әулеті, ұлдары Байғали мен Алмас, қызы Ирина Серкебаевалар туралы мәліметтер мен фотосуреттер ұсынылып, тұлғаның өнегелі отбасылық құндылықтары да кеңінен таныстырылды.

Ұлы тұлғаның өнер мұрасын ұлықтау – ұлттық мәдениетімізді құрметтеудің жарқын көрінісі.